Умрада уақытты тиімді өткізу үшін 10 кеңес
Умрада уақытты тиімді өткізу үшін 10 кеңес

Біз сіздерге кіші қажылық немесе умра кезінде уақытты тиімді өткізу тәсілдерін ұсынамыз. Және кәдеге асырады деп сенеміз.

  1. Дұғалар қабыл болатын, Жаратушыға жақындататын түнгі намаз яғни тәхәжуд намазын Әл-харам мешітінен оқыңыз. Меккеде таң намазынан 1 сағат бұрын тәхәжуд намазы үшін арнайы азан шақырылады. Осы кезде жамағатпен бірге сапта тұрып, сіз де Раббыңыздың разылығын іздеңіз.
  2. Одан кейін таң намазы кіреді. «Расында таңғы намазға (періштелер) қатысады («Исра» сүресі, 78-аят)
  3. Таң намазынан соң күн шыққанша біраз бос уақытыңыз бар. Бұл кезде Алланы ұлықтап, зікір айтып, Құран оқып отырсаңыз болады.
  4. Күн шыққан соң екі рәкаат сәске намазын оқып алыңыз. Дұха намазы деп те атайды. Әнес ибн Мәліктің (р.а.) риуаят етуі бойынша Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім таң намазын жамағатпен оқып, сосын күн шыққанға дейін Алла Тағаланы зікір етіп, содан соң екі рәкат намаз оқыса, умраның сауабындай сауап алады» (Термизи).
  5. 24 сағат бойы құлшылық үзілмейтін Әл-харам мешітінде таң намазынан соң адам азаяды. Себебі бұл кезде қажылар таңғы асқа кетеді. Осы мүмкіндікті пайдаланып тауап жасап алыңыз.
  6. Шамаңыз жетсе 5 уақыт намазды Әл-харам мешітінде оқыңыз. Себебі сахих хадисте Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «...Харам мешітінде оқылған бір намаз одан басқа жерде оқылған жүз мың намаздан артық»-деген.
  7. Зәм-зәм суын көбірек ішіңіз. Суды ішер алдында Қағбаға қарап дұға жасаңыз. Сонымен қатар «Зәм-зәм суын қандай ниетпен ішсең, соған жарайды» (ибн Мажа). Дертіңізге шипа іздеп ішсеңіз, ем болады. Қарыңыз ашса ас болады. Дұға қылсаңыз қабыл етеді.
  8. Зәм-зәм суын бөтелкелерге құйып алып күннің ыстығында тауап жасап жүрген қажыларға беріңіз. Сонымен қатар шәй, құрма таратуға да болады. Себебі бұл мекенде жасаған әр жақсы амал еселенеді.
  9. Құлшылықтың тағы бір қызық әрі сауапты түрі қажыларға арнайы су шашатын бөтелкелермен жүзіне, басына су шашу. Мұсылман бауырыңыз әрі салқындап, әрі сізге риза болып қалары сөзсіз.
  10. Мешітке Құран кітабын қойып кетіңіз. Себебі сіз қойған кітап әр оқылған сайын қияметте артыңыздан үзілмей барып тұратын амалдардан болмақ.

Біз ұсынатын тізім осы. Алла құлшылықтарыңызды қабыл етсін!

Мы в Instagram